
Адам сүйектерінде қандай да бір мәселе барын жылдар бойы байқамауы мүмкін. Ол жұмысқа барады, үй шаруасымен айналысады, серуендейді, өзін жақсы сезінеді. Бірақ бір күні абайсызда құлап, сүрініп немесе тіпті күрт қимылдап қалудың салдарынан сүйегі сынып кетуі мүмкін. Кейде остеопороз алғаш рет дәл осындай жағдайда анықталады. Бұл ауруды «үнсіз ауру» деп атайды, өйткені бастапқы кезеңдерінде ол әдетте ауырсынумен немесе басқа да айқын белгілермен байқалмайды.
Остеопороздың неліктен пайда болатынын, кімдердің қауіп тобына жататынын, ауруды қалай анықтауға болатынын және сүйек саулығын сақтау үшін не істеу керектігін қарастырайық.
Остеопороз – сүйек тінінің тығыздығы төмендеп, оның құрылымы бұзылатын созылмалы ауру. Соның салдарынан сүйектер әлсіреп, тіпті аздаған күш түскенде немесе болмашы құлаудың өзінде сынуға бейім болады.
Сүйек тіні адамның бүкіл өмірінде өзгеріссіз қалмайды. Ағзада екі үдеріс үздіксіз жүріп жатады: ескі сүйек тінінің бұзылуы және оның орнына жаңа тіннің түзілуі. Жас кезде сүйек тінінің жаңаруы оның бұзылуынан жылдамырақ жүреді. Сондықтан сүйектер өсіп, нығая түседі.
Әдетте сүйек тінінің ең жоғары тығыздығына шамамен 30 жасқа қарай қол жеткізіледі. Одан кейін біртіндеп сүйек тінінің түзілуіне қарағанда бұзылу үдерісі басым бола бастайды. Егер осы тепе-теңдік айтарлықтай бұзылса, остеопороз дамиды.
Medscape халықаралық медициналық онлайн-ресурсының мәліметінше, әлемде шамамен 200 миллион адам осы аурумен өмір сүреді. Остеопорозға ең осал топ – менопаузадан кейінгі әйелдер. Алайда жас пен жыныс аурудың даму қаупіне әсер ететін жалғыз фактор емес.
Бұл аурудың басты ерекшелігі – ұзақ уақыт бойы еш белгі бермеуі мүмкін. Адам сүйек тығыздығының біртіндеп төмендеп жатқанын сезбейді және көбіне мәселе туралы сүйегі сынғаннан кейін ғана біледі.
Ауру асқынған сайын мынадай белгілер байқалуы мүмкін:
- Арқаның ауыруы. Бұл омыртқа сүйектерінің зақымдануына немесе қысылуына байланысты болуы мүмкін.
- Бойдың аласаруы. Омыртқадағы өзгерістерге байланысты адамның бойы уақыт өте келе қысқаруы мүмкін.
- Еңкіштік. Омыртқа сүйектері әлсіреп, деформацияланған кезде арқаның жоғарғы бөлігінде айқын иілу пайда болуы мүмкін.
- Аздаған күш түскенде сүйектің сынуы. Мысалы, адамның өз бойымен бірдей биіктіктен құлауы немесе сүйектер қатты әлсіреген жағдайда күнделікті қимылдың өзінен сыну болуы мүмкін.
Остеопороз кезінде көбіне омыртқа, сан сүйегінің мойны және білезік сүйектері зақымданады. Ауырсынудың және басқа шағымдардың болмауы сүйек тінінің тығыздығы қалыпты дегенді білдірмейді.
Неліктен кейбір адамдардың сүйектері қартайғанша берік болып қалса, ал басқаларында остеопороз әлдеқайда ерте дамиды? Сүйек саулығына бірқатар фактор әсер етеді.
1. Жас және гормондық өзгерістер. Жас ұлғайған сайын сүйек тінінің тығыздығы біртіндеп төмендейді. Бұл үдеріс әсіресе менопаузадан кейінгі әйелдерде айқын байқалады. Оның себебі – сүйек саулығын сақтауға көмектесетін эстроген гормоны деңгейінің төмендеуі. Ер адамдарда да тестостерон деңгейі төмендеген кезде остеопороз қаупі артуы мүмкін.
2. Тұқым қуалаушылық. Егер жақын туыстарында, әсіресе егде жаста, сүйек сынуы жағдайлары болса, остеопороздың даму ықтималдығы жоғары болуы мүмкін.
3. Кальций мен D дәруменінің жетіспеушілігі. Кальций сүйек тінінің қалыптасуына қажет, ал D дәрумені ағзаға кальцийдің сіңуіне көмектеседі. Бұл заттар ұзақ уақыт бойы жеткіліксіз болса, сүйектер беріктігін жоғалтуы мүмкін.
4. Қимыл-қозғалыстың аздығы. Сүйектер тұрақты физикалық жүктемені қажет етеді. Қозғалысы аз өмір салты олардың тығыздығының төмендеуіне ықпал етуі мүмкін.
5. Зиянды әдеттер. Темекі шегу және алкогольді шамадан тыс тұтыну сүйек тінінің жағдайына кері әсер етеді. Сонымен қатар алкогольді асыра пайдалану құлау және соның салдарынан жарақат алу қаупін арттырады.
6. Тамақтану бұзылыстары. Анорексия мен булимия ағзадағы қоректік заттардың тапшылығына және сүйек саулығына кері әсер ететін гормондық өзгерістерге әкелуі мүмкін.
7. Кейбір дәрілік препараттар. Белгілі бір дәрілерді, соның ішінде глюкокортикоидтар мен кейбір құрысуға қарсы препараттарды ұзақ уақыт қолдану сүйек массасының жоғалу қаупін арттыруы мүмкін.
Остеопороз әрдайым бір ғана себептен туындай бермейтінін ескеру маңызды. Бір адамда аурудың дамуына әсер ететін бірнеше қауіп факторы қатар кездесуі мүмкін.
Остеопороз көбіне еш белгісіз дамитындықтан, оны анықтау үшін адамның өзін қалай сезінетініне ғана сүйену жеткіліксіз. Дәрігер науқастың жасын, денсаулық жағдайының ерекшеліктерін, бұрын болған сүйек сынуларын, тұқым қуалаушылықты, қабылдайтын дәрілік препараттарын және басқа да қауіп факторларын ескереді.
Диагностиканың негізгі әдісі – сүйек тінінің минералдық тығыздығын анықтау. Ол үшін көбіне денситометрия қолданылады. Бұл ауырсынусыз өтетін, рентгенологиялық зерттеуге ұқсас, бірақ сәулелік жүктемесі әлдеқайда төмен тексеру әдісі. Әдетте бел омыртқасы мен жамбас-сан буынының аймағы зерттеледі.
Зерттеу нәтижелері T-критерий деп аталатын арнайы көрсеткіш арқылы бағаланады. Ол сүйек тінінің тығыздығы жас әрі дені сау ересек адамдардың көрсеткіштерінен қаншалықты ерекшеленетінін көрсетеді.
T-критерийдің негізгі мәндері:
- Қалыпты көрсеткіш: −1,0 және одан жоғары.
- Остеопения: −1,0-ден −2,5-ке дейін. Бұл сүйек тінінің тығыздығы төмендегенін білдіреді, бірақ көрсеткіш остеопороз диагнозын қоюға жеткіліксіз.
- Остеопороз: −2,5 және одан төмен.
Кейбір жағдайларда дәрігер FRAX құралын да қолдануы мүмкін. Ол науқастың жасын, денсаулық жағдайын және басқа қауіп факторларын ескере отырып, алдағы он жыл ішінде сүйек сыну ықтималдығын бағалауға көмектеседі.
Сондай-ақ остеопороз төмен энергиялы жарақаттан болған сыну анықталған жағдайда да диагноз ретінде қарастырылуы мүмкін. Мысалы, адам өз бойымен бірдей биіктіктен немесе одан да төмен жерден құлаған кезде сүйегі сынса.
Қазіргі медицина дамып кеткен остеопорозды толықтай жоя алмайды. Алайда бұл ауруды бақылауға алу мүмкін емес дегенді білдірмейді. Емдеудің негізгі мақсаты – сүйек массасының жоғалуын баяулату, мүмкіндігінше сүйек тығыздығын арттыру және ең бастысы, сүйек сыну қаупін азайту. Емдеу тәсілі тексеру нәтижелеріне, науқастың жасына, жалпы денсаулық жағдайына және асқыну қаупінің жеке ерекшеліктеріне байланысты таңдалады.
Остеопороз кезінде дәрігер тағайындауы мүмкін бірнеше топтағы препараттар бар. Олардың қатарына кальций мен D дәрумені бар қоспалар, бисфосфонаттар (сүйек тінінің бұзылуын баяулатып, сыну қаупін төмендетуге көмектеседі), гормондық терапия және гормондық үдерістерге әсер ететін басқа да препараттар, сондай-ақ анаболикалық препараттар (жаңа сүйек тінінің түзілуін ынталандырады және остеопороздың ауыр түрлерінде қолданылуы мүмкін) жатады.
Дәрілік препараттарды өз бетінше таңдауға немесе тек талдау нәтижелеріне сүйеніп қабылдауға болмайды. Міндетті түрде маманмен кеңесу қажет.
Остеопороздың алдын алу алғашқы белгілер пайда болмай тұрып-ақ басталады. Сүйек массасының едәуір бөлігі балалық және жасөспірімдік кезеңде қалыптасады: ересек адамның сүйек массасының шамамен 85–90%-ы 18–20 жасқа қарай жиналады. Сондықтан сүйек саулығына қамқорлық жасау тек егде жастағы адамдар үшін ғана емес, жастар үшін де маңызды.
Ересек жаста да сүйек тінінің жағдайына әсер етіп, оның тығыздығының төмендеуін баяулатуға болады:
1. Дұрыс тамақтануға көңіл бөліңіз. Күнделікті ас мәзірінде кальций мен D дәрумені жеткілікті болуы керек. Кальцийдің негізгі көздеріне сүт өнімдері, ірімшік, йогурт, балықтың кейбір түрлері мен жасыл көкөністер жатады. Ал D дәрумені майлы балықта, жұмыртқада және осы дәруменмен байытылған тағамдарда кездеседі.
2. Көбірек қозғалыңыз. Сүйек саулығы үшін өз дене салмағымен орындалатын жаттығулар пайдалы. Оларға жаяу жүру, баспалдақпен көтерілу және серуендеу жатады. Бұлшықеттерді нығайту да маңызды, өйткені ол тепе-теңдікті сақтауға көмектесіп, құлау ықтималдығын азайтады. Егер остеопороз диагнозы қойылған болса, дене белсенділігінің бағдарламасын дәрігермен келіскен жөн.
3. Темекі шегуден бас тартыңыз. Темекі шегу сүйек тінінің қалыптасу үдерісіне кері әсер етіп, кальцийдің сіңуін нашарлатуы мүмкін.
4. Алкогольді шамадан тыс тұтынбаңыз. Алкогольді көп мөлшерде пайдалану сүйек массасының азаюымен және құлау қаупінің артуымен байланысты.
5. Құлаудың алдын алыңыз. Бұл әсіресе егде жастағы адамдар мен сүйек тығыздығы төмендеген науқастар үшін маңызды. Үй ішінің жарық болуын қадағалап, тайғанақ кілемшелер мен сүрініп кетуге себеп болатын заттарды алып тастау, табаны орнықты аяқ киім кию қажет.
Остеопороздың негізгі асқынуы – сүйектердің сынуы. Сынықтар тіпті жеңіл жарақаттардың салдарынан да пайда болып, ұзақ уақыт қалпына келуді және қозғалыстың шектелуін қажет етуі мүмкін. Әсіресе сан сүйегі мойнының сынуы қауіпті. Егде жастағы адамдарға мұндай жағдайда жиі хирургиялық ота жасалып, ұзақ оңалту курсынан өтуге тура келеді.
Кейбір адамдарда остеопороздың салдары күнделікті өмірге кедергі келтіріп, қарым-қатынас жасау және өз бетінше әрекет ету мүмкіндігін шектеуі мүмкін. Бұл эмоционалдық жағдайға да әсер етіп, тіпті депрессиялық күйге әкелуі ықтимал.
Остеопороз – денсаулыққа ұзақ уақыт бойы көңіл бөлуді қажет ететін созылмалы ауру. Алайда дер кезінде қойылған диагноз бен дұрыс таңдалған ем сүйек тінінің жоғалуын баяулатып, ауыр сынықтардың қаупін азайтуға көмектеседі.
Арқаңыз ауырып, еңкіштік пайда болғанша немесе алғашқы жарақат алғанша күтудің қажеті жоқ. Егер сізде қауіп факторлары болса, мысалы, жасыңыз 50-ден асса, менопауза басталса, жақын туыстарыңызда сүйек сыну жағдайлары болса немесе белгілі бір дәрілік препараттарды ұзақ уақыт қабылдасаңыз, тексеруден өту қажеттілігін дәрігермен талқылаңыз.
Маманның қабылдауына біздің TopDoc сервисі арқылы жазылуға болады.
Остеопорозды диагностикалау және емдеу кезінде бірнеше медициналық мамандықтың дәрігерлері көмектесе алады.
Ең алдымен, бұл – сүйек тінінің тығыздығы төмендеуінің себептерін анықтайтын, қауіп факторларын бағалайтын, емдеу тәсілін таңдайтын және сүйек сынуының алдын алумен айналысатын эндокринологтар мен ревматологтар.
Сондай-ақ, әсіресе ауру сүйектердің сынуына немесе деформациясына әкелген жағдайда, травматолог-ортопедтің кеңесі қажет болуы мүмкін.
Кейбір жағдайларда тексеру мен емдеу үдерісіне терапевтер және басқа да бейінді мамандар қосылады. Дәрігерді таңдау аурудың даму себептері мен науқастың денсаулық жағдайына байланысты.
🔶 Эндокринолог
🔶 Еңбек өтілі – 42 жыл
🔶 11 жастан асқан балалар мен ересектерді қабылдайды
🔶 130-дан астам оң пікір
🔶 Остеопороз бойынша кеңес береді
🔶 Қалқанша безі ауруларын емдеу
🔶 Қант диабетін емдеу
🔶 Артық салмақ пен семіздік бойынша кеңес беру
🔶 Ағзадағы дәрумендер мен микроэлементтер тапшылығын толықтыру бойынша кеңес беру
🔶 Эндокринолог
🔶 Еңбек өтілі – 18 жыл
🔶 Остеопороз бойынша кеңес береді
🔶 «Қант диабеті мектебінде» оқыту
🔶 Эндокриндік ауруларды емдеу
🔶 Эндокринолог
🔶 Еңбек өтілі – 40 жыл
🔶 Ересектер мен балаларды қабылдайды
🔶 Остеопороз бойынша кеңес береді
🔶 Онлайн кеңес береді
🔶 Оземпик, Мунжаро препараттарын қолдану бойынша кеңес береді
🔶 Эндокриндік ауруларды емдеу
🔶 Ревматолог
🔶 Еңбек өтілі – 16 жыл
🔶 Остеопороз бойынша кеңес береді
🔶 Ревматикалық ауруларды диагностикалау және емдеу
🔶 Ревматолог
🔶 Еңбек өтілі – 16 жыл
🔶 Остеопороз бойынша кеңес береді
🔶 Дәнекер тін ауруларын емдеу
🔶 Пациенттердің пікірлері бойынша айдың үздік дәрігері
🔶 200-ден астам оң пікір
✅ Дәрігердің парақшасында өтінім қалдырып, жазылу расталғанша күтіңіз.
✅ Немесе жұмыс уақытында колл-орталыққа хабарласыңыз: +7(707)2255009 (дүйсенбі–жұма, 09:00–18:00).
✅ Сондай-ақ WhatsApp арқылы жазуға болады.